Справочная служба: +7 (7172) 91 90 35

2019 жылғы 3 қазан күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Туған жер» қазақстандық өлкетанушылар бірлестігі» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесе отырып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның басты мақсаты – «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру қорытындысын шығару, тарихи-мәдени мұраны зерттеу және көпшілікке тарату саласында халықаралық тәжірибе алмасу.

2017 жылдың сәуір айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау туралы айтылған болатын. Нәтижесінде ҚР Ұлттық музейінің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, Қазақстанның киелі нысандарын анықтау бойынша жұмыс жүргізіле бастады. Аталған жоба негізінде діни сәулет ғимараттары, қалалар, елді мекендер, қорғандар, қорымдар, ғибадатханаларды тізімделіп, олар туралы тың деректер жинақталып, нәтижесінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты еңбектер жарыққа шықты.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан жүргізді.

03 10 2019 2

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев: «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы маңызды әрі өзекті тақырып. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстан халқының біртұтастығын, ішкі бірлігін күшейту, сондай-ақ ішкі туризмді дамыта отырып, идеологияны күшейту керектігін атап айтқан болатын. Осыған орай елімізде «Рухани жаңғыру», соның ішінде, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында көптеген маңызды шаралар атқарылып жатыр. Бүгінде еліміздің барлық мемлекеттік органдары, мәдениет, білім беру ұйымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері осы жобаға белсене қатысып, өз үлестерін қосуда. ҚР Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығының ұйымдастыруымен еліміздің өңірлеріне экспедициялар жүргізіліп, түрлі еңбектер жазылып, киелі жерлердің виртуалды және интерактивті карталарын әзірлеу сияқты жобаларды атқарды. Ендігі кезекте киелі жерлер туралы жаңалықтарды, мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп, болашақта ғылыми зерттеулерге негіз етіп алып, оқулықтарға енгізуге ықпал етуді көздеп отырмыз», деді.

03 10 2019 3

Шара барысында киелі жерлер географиясының теориялық-әдістемелік негіздері, Қазақстанның рухани қасиетті орындарын зерттеу, сақтау және көпшілікке тарату бойынша практикалық ұсыныстар, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы: музей кеңістігінде қайта таныстыру мәселелері талқыланды.

Конференция барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына белсене атсалысқан т.ғ.д., профессор Жамбыл Артықбаевты, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Ержігітованы, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Тарихи-мәдени мұра, музей және кітапхана бөлімінің басшысы Жанар Нұржақыпованы алғыс хатпен марапаттады.

03 10 2019 4

Конференцияға Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы және шетелдерден ғалымдар, өлкетанушылар, музей қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ аталған шараға Айтпаева Гульнара –«Айгине» мәдени зерттеулер орталығының директоры (Қырғызстан Республикасы), Замятин Д.Н, – мәдениеттану докторы (РФ), Ларина Е.И. – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті (РФ), Абдолла Карачах – PhD докторы, Акдениз университетінің профессоры (Түркия), Шрамко И.Б. – В.Н.Каразин атындағы Харьков ұлттық университетінің археология мұражайының директоры (Украина), Лайос Кемечи – этнографиялық мұражайдың директоры (Венгрия), Джамаль аль-Моосави – Оман Сұлтанатының Ұлттық мұражайының бас директоры (Оман) арнайы шақырылып, тақырып бойынша баяндама оқыды.

 

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Дүйсенбі Демалыс
Сейсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Сәрсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Бейсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Жұма 10:00-ден 18:00-ге
Сенбі 10:00-ден 20:00-ге
Жексенбі 10:00-ден 18:00-ге

Әр айдың соңғы сейсенбісі санитарлық күн.

Касса 17:00 дейін жұмыс жасайды

БАЙЛАНЫС АҚПАРАТЫ

010000 Қазақстан Республикасы,
Нұр-Сұлтан қ., Тәуелсіздік д-лы, 54
+7 (7172) 91 90 35
Бұл электронды пошта мекенжайы, спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы болуы тиіс.


Баспасөз қызметі:
+7 (7172) 57-46-43