Справочная служба: +7 (7172) 91 90 35

6 шілде – Елорда күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 25 маусым күні «Қасиетті Түркістаннан нұрлы жолды Нұр-Сұлтанға» атты көрмесінің тұсауы кесілді.

Көрме Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген негізгі бағыттарды ала отырып, Ұлы даланың рухани мұраларын таныту, насихаттау арқылы еліміздегі тарихи орындарға келушілердің қызығушылығын тудыруды, бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне 2003 жылдан бастап енген Орта Азиядағы теңдесіз бірегей сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі мен сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ортағасырлық түпнұсқа ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы) мұралары арқылы еліміздің тарихи-мәдени жәдігерлерін, бай мұраларын, Тұңғыш Президентіміздің еліміз үшін атқарған жанқиярлық ерен еңбегін насихаттауды мақсат тұтады.

28 06 2019 2

Үш бөлімге топтастырылған көрме экспозициясына 60-тан астам жәдігерлер қойылды. Көрменің бірінші бөлімінде әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына   арналады. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, «Насабнама» шежіресі, ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектерімен қатар  Әмір Темір сыйға тартқан ортағасырлық ХІҮ ғасырдың құнды жәдігерлері -  шырағданның тұпнұсқасы, лауха, тайқазан көшірмелері экспозициядан орын тебеді.

28 06 2019 3

Тайқазан макеті. Тайқазан 1399 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы жасатып сыйға тартқан ортағасырлық туындының бірі. Тайқазан – түр тұрпаты жарты шарға сәл ұқсастау, төменге қарай кеңейе түскен биiк цилиндрлi тұғырға орналасқан. Қазанның жиегi жоғары жағынан қысылыңқырап барып жайпақ горизонталды ернеумен аяқталады. Қазан жеті түрлі асыл және сирек кездесетін металдар қоспасынан Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған. 1935 жылы  Ленинград қаласына Иран шеберлерінің қола бұйымдар көрмесіне әкетілген. Араға 54 жыл салып, 1989 жылы 18 қыркүйекте қазан тарихи орны Түркістанға  қайтарылды. Салмағы – 2 тонна,  сыйымдылығы – 3000 литр, биіктігі – 162 см., көлденеңі – 242 см. Сырты бес қатар белдеуге бөлiнген оның үшеуiнде өсiмдiк тектес өрнекпен қоса араб жазулары бар.

28 06 2019 4

Қола шырағдандар. Ортағасырлық қола шырағдандар 1397 жылы Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы жасатып сыйға тартқан көне жәдігерлердің бірі болып табылады. Тарихи дерек бойынша шырағадандардың саны алты. 1935 жылы Ресейдің Мәскеу, Санк-Петербург қалаларында өткен «Ортағасырлық Иран шеберлерінің Орта Азия мен Кавказ елдеріндегі еңбектері» конгресіне жіберіліп қайта оралмаған. Ал бір шырағданның екінші бөлігі Францияның Лувр музейінде, бір бөлігі Санкт-Петербургтегі Эрмитажда  сақтаулы.

28 06 2019 5

Лауһа.  Лауһа - тудың қоладан құйылған ұшы, қорық музейдегi Әмiр Темiр дәуiрiнен сақталған құнды жәдiгердiң бiрi. Лауһаны 1990 жылдардың ортасында жан-жақты зерттеуге мүмкiндiк туды. Зерттеулер барысында лауһаның керемет өрнектелгендiгi және тарихи маңызы бар жазбаларынан оның Әмiр Темiрдiң бұйрығы бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне арнайы жасалғандығы анықталды.

28 06 2019 6

Көрменің екінші бөлімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовпен, 2018 жылғы Түркістандағы ресми сапарларынан сыр шертетін фотосуреттері мен 1999 жылы Түркістанға келген сапарында қорық-музейге сыйға берген Құран Кәрім кітабы көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің үшінші бөлімінде 1871-1872 жж. жиһанкез А.Кунның «Түркістан альбомында» жарық көрген Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері - Тайқазан, Лауһа (тудың ұшы), Шырағдандар, Есіктер мен қорық-музей қорындағы этнографиялық, археологиялық материалдар, Түркістан өңіріндегі тарихи-рухани орындардың фотосуреттері келушілерге таңдай қақтырды.

28 06 2019 7

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Дүйсенбі Демалыс
Сейсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Сәрсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Бейсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Жұма 10:00-ден 18:00-ге
Сенбі 10:00-ден 20:00-ге
Жексенбі 10:00-ден 18:00-ге

Әр айдың соңғы сейсенбісі санитарлық күн.

Касса 17:00 дейін жұмыс жасайды

БАЙЛАНЫС АҚПАРАТЫ

010000 Қазақстан Республикасы,
Нұр-Сұлтан қ., Тәуелсіздік д-лы, 54
+7 (7172) 91 90 35
Бұл электронды пошта мекенжайы, спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы болуы тиіс.


Баспасөз қызметі:
+7 (7172) 57-46-43