«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің» құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

 

Институттың басты мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын зерттеу, сақтау мен насихаттау.

 

Институттың негізгі міндеті қазақ халқының заттық және бейзаттық мұрасын іргелі және қолданбалы зерттеу бойынша ғылыми және ғылыми-қолданбалы бағдарламалар мен жобаларды дайындау, жүзеге асыру; қазақ халқының этногенез және этникалық тарихы мәселелерін шешу; Қазақстан және одан сырт елдер территориясында кешенді археологиялық, этнографиялық және өзге де зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, іске асыру; қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін тарихи тұрғыда және оның қазіргі таңдағы «тірі» көрінісін зерттеу; Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілеріне мониторинг және сараптама жасау т.с.с.

 

Институт 2014 жылдың тамыз айында құрылды, және келесідей бөлімдерден тұрады:

  • археологиялық мұра бөлімі;
  • дәстүрлі мәдениет бөлімі;
  • тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімі;
  • физикалық антропология зертханасы;
  • жәдігерлерді алғашқы қалпына келтіру мен жаңғырту зертханасы.

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ұжымы

 

Археологиялық мұра бөлімі бірінші кезекте Қазақстан территориясы мен одан тыс аймақтарда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Институт қызметкерлері ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен іске асырылып жатқан ғылыми гранттық жобалардың жетекшілері және орындаушылары, сонымен қатар Корея Республикасының Мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімінің Археология және этнология институты және Моңғолия ғылым академиясының Археология институтымен бірлескен халықаралық бірнеше ғылыми жобаларды іске асыруға қатысуда.
Институт қызметкерлері 2015 жылы Қазақстан территориясында тас дәуірінен бастап алғашқы мемелекеттік бірлестіктердің пайда болуына дейінгі ескерткіштерді зерттеген 12 археологиялық экспедиция ұйымдастырды. Оған қоса Моңғолиядағы көне түркілердің Шивээт улаан атты ғұрыптық кешенінде де зерттеулер жүргізді.

 

«Халық қазынасы» ҒЗИ 2015 жылғы археологиялық экспедицияларының картасы

 

Күршім тұрақ-шеберханасы. Палеолит. Шығыс Қазақстан

 

Беласар қорымы. Қола дәуірі. Сарыарқа. Реставрацияға дейінгі және кейінгі көрінісі

 

Қарқара жерлеу-ғұрыптық кешені. Ж.с.д. VI–V ғғ. Жетісу

 

Көне түркілік Үлкен Қақпақ қоршауы. Жетісу

 

Дәстүрлі мәдениет бөлімі қазақ халқының заттық және бейзаттық мұраларын зерттеу, сақтау және насихаттау саласында зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Бөлім қызметкерлері музыкалық мұраларды, эпикалық фольклор, сәндік-қолданбалы және зергерлік бұйымдар, ұлттық қолөнер мен Қазақстанның әр аумағындағы ономастика мәселелерін зерттеу т.б. жұмыстарымен айналысады.
Қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін насихаттау аясында дөңгелек үстелдер, шеберлік-сыныптар, дәріс-концерттер, пікірталастар ұйымдастырып, халық композиторларының өкілдерін, оған қызығушыларды қатыстыра отырып, ұмыт бола бастаған дәстүрлі мәдениеттің сарқыншақтарын зерттеу және жаңғыртуы тиіс.
Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында бөлім қызметкерлері «Кенесары – хан және қолбасшы: мәселелер мен ізденістер» атты ғылыми мақалалар жинағын дайындап, баспадан шығарды.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтау мен рухани мәдениетін насихаттау жұмыстарын http://adyrna.kz/ сайты арқылы жүргізуді қолға алды.



Институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Л.Т. Тлегенованың халықаралық конференцияда сөз алуы. Түркістан, 2015 жылдың мамыр айы

 

«Кенесары – хан және қолбасшы: мәселелер мен ізденістер» ғылыми мақалалар жинағы

 

Тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімі бірнеше бағытта жұмыстар атқарады:
Бөлім жұмысының басым бағытының біріне тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау мен сақтау саласындағы Қазақстанның заңнамалық кешенінің қазіргі таңдағы жәй-күйін сараптау мен мониторинг жүргізу жатады. Бұл бағыт бойынша Қазақстанның заңнамалық құжаттарын жинақтау мен өңдеу жұмыстары және алыс-жақын шетелдердегі ұқсас құқықтық құжаттармен салыстырмалы сараптама жасалуда.
Бөлімнің маңызды бағыттарының біріне Сарыарқаның тарихи-мәдени мұраларының геоақпараттық картасы мен деректер базасын жасау саласындағы кешендік іс-шаралар жатады. Бұл жоба ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен IT-технологиялардың Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларының жағдайын мониторинг жасаудағы мүмкіндіктерін пайдалану аясында өзекті болуда.
Бөлім тұрақты түрде Ұлы даланың тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен қорғауға арналған дөңгелек үстел, семинар мен сессиялар ұйымдастыруды жоспарлауда. Бұл жиындардың нәтижесі ретінде ғылыми мақалалар жинағы, әдістемелік ұсынымдар, брошюралар жариялау көзделуде.



«Қазақстанның мәдени мұраларын зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел. 2015 жылғы 12 наурыз

 

Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының археологиялық ескерткіштер картасы

 

Физикалық антропология зертханасын танымал антрополог, ҚР ҰҒА академигі О. Смағұлов басқарады.
Физикалық антропология зертханасының қызметі Институттың жеке бағыты болып саналады. Қазіргі қазақ популяциясын кешенді бағдарламалар арқылы соматология, одонтология, дерматоглифика, серология және краниология көрсеткіштері бойынша көпжылдық зерттеулерден алынған нәтижелері қазақ халқының өзіндік антропологиялық статусының болғандығын дәлелдеді. Осыған сәйкес қазақ халқының физикалық бет-бейнесінің қалыптасуы төрт мыңжылдық терең тарих қойнауынан бастау алады.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық музейінде академиктің басқаруымен қазақ халқы мен оның ата-бабасының физикалық антропологиясы жайлы мәліметтер көрініс табатын жаңа экспозициялық зал жасақталуда. Экспозиция көне Қазақ жеріндегі 40 ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқы мен оның ата-тегінің қалыптасуы мен даму жолдарын көрсетуге бағытталған.



Физикалық антропология зертханасының жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. О. Смағұлов

 

Жәдігерлерді алғашқы қалпына келтіру мен жаңғырту зертханасының мамандары мәдени құндылықтарды сақтау барысында бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасайды. Ежелгі ескерткіштерден табылған жәдігерлер зерттеліп, өңделген соң ҚР Ұлттық музейінің қорына тапсырылады, ерекше қызықты экспонаттар экспозициядан орын алады.
Зертхананың басты бағыттарының бірі ежелгі қыш бұйымдарының техника-технологиялық зерттелуі болып табылады. Бұл бағыт ежелгі қоғамның мәдени үрдісін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Техника-технологиялық зерттеу негізі қыш құмыраларының жасалу процесін топ-топқа бөліп көрсетеді. Саз балшықты дайындау мен одан шыққан ыдысты кептіріп, арнайы температурада күйдіріліп жасалуын бинокулярлы микроскоп арқылы анықтап көруге болады. Зертхананың мамандарын жасаған техника-технологиялық жұмыс ежелгі қоғамда болған мәдени өзгерістерді анықтап білуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл зертханада металл бұйымдарды алғашқы қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіледі. Оның негізгі міндеті металлдың бұзылу процесін тоқтату және мүмкіндігінше жәдігерлердегі тарихи маңызды ақпаратты сақтау болып табылады.

Кіші ғылыми қызметкер А.М. Қайырмағамбетовтың зертханада металл бұйымдардың бетін тазарту сәті

 

 

Ғылыми қызметкер Ж.С. Қалиева қыш ыдыстың жасалу технологиясына талдау жасауда

 

 

Байланыстар:

Оңғарұлы Ақан
Институт басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты
Тел: +7(7172) 919035 (ішкі 616)
E-mail: onggaruly.a@gmail.com