Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен елорданың № 83 мектеп-гимназиясының музейінде «Майлықтан жеміс-жидектер» атты инклюзивті сыныптардың оқушыларына арналған шеберлік сағаты өтті.
Майлықтардан жасалған алмалар мен лимондарды көрген балалар түрлі-түсті шырынды жемістерді жасауға қызыға кірісіп кетті. Оларға суреттердің қимаүлгілері мен қызыл, жасыл, сары түсті майлықтар таратылды. Балалар тьюторлармен бірге олардан шарлар қиып алып, қимаүлгілерге жапсырды. Осылайша әпсәтте балалар әдемі жемістер жасап шықты. Балалар беріліп жұмыс істеді, арасында тіпті өздерінің сүйікті жемістері мен жыл мезгілдерін, жануарлары мен мультфильмдерін айтып, жазғы демалыстарын да еске түсірді. Балалардың қызығушылығы әр түрлі: кейбір балалар сурет салғанды, біреулері бояғанды, тағы бірі динозаврларды жақсы көреді.
«Майлықтан жеміс-жидектер» шеберлік сағаты балалардың қол мен ұсақ саусақ моторикасының дамуына, көркемдік талғамының қалыптасуына және ұжымдық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Шеберлік сағатты Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің маманы Баянова Зухра өткізді.