Справочная служба: +7 (7172) 91 90 35

24 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде халықаралық «Өнердегі доп» арт-көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Көрме Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігінің және Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен өткізілді. Жобаның ұйымдастырушылары халықаралық үкіметтік емес ұйымдар – Халықаралық қайырымдылық «Крафт-Павлов» заманауи өнерді қолдау қоры және Императорлық православиелік палестиналық қоғам.

24 10 2019 2 2

Шара жер шарындағы миллиардтаған адамдар сүйіп қадірлейтін ең танымал спорт түрі - футболдың жарқын әлеміне арналды. Футбол өнер ретінде әртүрлі ұлт, дін өкілдерін біріктіретін қандай да бір феномен және жасампаз күш ретінде таныстырылды. Сондай-ақ футбол халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға қызмет етеді.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Бұл – өте ерекше көрме. Бұл екі жыл бойы белсенді түрде жүзеге асырылып келе жатқан жоба. «Өнердегі доп» – Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасындағы достық қарым-қатынасты көрсетіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты арттыра түсетін жоба. «Өнердегі доп» көрмесі алғаш рет 2018 жылы Мәскеуде Футболдан Әлем чемпионаты өтіп жатқан уақытта ұйымдастырылып, үлкен жетістікке жетіп, танымал болған еді. Көрмедегі керемет туындылар футбол ойынының әлем чемпионаты кезіндегі түрлі естеліктерді еске салады.

Бүгінгі шараға қатысып отырған балғындарға тарихта аты қалған футбол чемпиондарының жолын беріп, үлкен жетістіктерге жетсін дегім келеді. Көрменің ұйымдастырушыларына зор алғысымды білдіремін!», - деді.

24 10 2019 2 3

Көрмеде ресейлік және шетелдік танымал суретшілердің футболдың жарқын әлеміне, оның гуманистік құндылықтарына арналған 100-ден астам туындылары ұсынылды. Экспозицияда Ресей, Жапония, Италия, Франция, АҚШ, Швейцария, Үндістан, Нидерланды, Бразилия және басқа да елдер суретшілерінің жұмыстары бар. Олардың арасында танымал қазақ суретшілерінің де туындылары да болды.

ҚР Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко: «Қазақстан мен Ресей арасында мәдени байланыс жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Қарым-қатынастың бұл түрі екі ел арасындағы стратегиялық байланысқа оң ықпал етіп, бір-біріміздің жетістігімізге ортақтасып, халықтар арасында өзара түсіністік орнатады. Бұл шара Ресей Федерациясы өткізген әлем чемпионатына арналады. Аталған дүбірлі чемпионат кезінде ұйқысыз түндер, түрлі тілектер, қолдаулар мен зор еңбектер болды. Бұл көрменің алдағы уақытта өзге елдерде кеңінен насихатталып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне тілектеспін», - деп жылы лебізін жеткізді.

24 10 2019 2 4

Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин көрмені ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіре келіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Ұлттық музейге зор алғысын айтты.

«Өнердегі доп» көрмесі алғаш рет FIFA - 2018 Футболдан Әлем чемпинаты өтіп жатқан уақытта ұйымдастырылып, үлкен жетістікке жетіп, халықаралық резонанс тудырды. «Жол картасы» Париж, Пекин, Монако, Женева, Берлин, Лондон, Сеул, Баку және т.б. арқылы өтетін арт-көрменің әлемдік үлкен турнесі Нұр-Сұлтаннан бастау алды. «Өнердегі доп» арт-көрмесін 2020 жылғы жазда футболдан ЕВРО-2020 матчтары өтетін уақытта Санкт-Петербургтегі «Манежде» өткізу жоспарлануда. Халықаралық арт-турненің мәрелік нүктесі футболдан келесі 2022 жылғы FIFA Әлем чемпионатының қарсаңында таяушығыстық мемлекет астанасы Дохада (Қатар) болмақ.

24 10 2019 2 5

Жобаның ұйымдастырушылары Елена Крафт пен Елена Агапова халықаралық «Өнердегі доп» арт-жобасының қазақ жерінде өтуіне қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовке ерекше алғысын білдірді. «Өнердегі доп» жобасының ұйымдастырушылары сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, Қазақстан Футбол одағының басшылықтарына, сонымен қатар басқа да басшылар мен мекемелерге ризашылықтарын білдірді.

24 10 2019 2 6

Халықаралық «Өнердегі доп» жобасына әлемдік футбол жұлдыздары, әртүрлі елдердің танымал мәдениет пен өнер қайраткерлері, саясаткерлер мен дипломаттар қолдау көрсетуде.

Халықаралық «Өнердегі доп» арт-көрмесінің Нұр-Сұлтандағы ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлері, футбол жұлдыздары, жаттықтырушылар, дипломатиялық корпус, бизнес-қауымдастық өкілдері, танымал мәдениет, ғылым және өнер қайраткерлері, спорттық жастар клубтары қатысты.

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Дүйсенбі Демалыс
Сейсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Сәрсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Бейсенбі 10:00-ден 18:00-ге
Жұма 10:00-ден 18:00-ге
Сенбі 10:00-ден 20:00-ге
Жексенбі 10:00-ден 18:00-ге

Әр айдың соңғы сейсенбісі санитарлық күн.

Касса 17:00 дейін жұмыс жасайды

БАЙЛАНЫС АҚПАРАТЫ

010000 Қазақстан Республикасы,
Нұр-Сұлтан қ., Тәуелсіздік д-лы, 54
+7 (7172) 91 90 35
Бұл электронды пошта мекенжайы, спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы болуы тиіс.


Баспасөз қызметі:
+7 (7172) 57-46-43