Базар бейнеленген көрме

D4S 6486

2018 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасымен бірлесіп Георгий Соковтың «Қарапайым өмірді дәріптеу» атты көрмесінің ашылу салтанатын өткізді.

Көрме Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы суретшілердің шығармашылығын насихаттауға арналған жоба аясында ұйымдастырылып отыр.

D4S 6459

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Марал Балтышев көрме авторына алғыс білдіре отырып, көрменің маңыздылығына тоқталып өтті. «Қостанай қаласының базарлары бейнеленген Георгий Соковтың картиналарынан базарлардың жыл сайын қалай өзгергенін, ол жердегі халықтың тыныс-тіршілігін көруге болады. Сонымен қатар автордың ізденісін, шыңдала түскен шеберлігін де байқаймыз», – деді Балтышев мырза.

D4S 6491

 

Ал көрме авторы Георгий Соков: «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрме өткізу мен үшін үлкен мәртебе. Мен ең алғашқы туындымды 1976 жылы,  ең соңғысын 2017 жылы жарыққа шығардым. Көбінесе сериялы суреттерді салғанды ұнатамын. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған картиналар ең ұзақ уақыт дайындалған дүниелерімнің бірі. Бұл сериядағы туындыларға қаншалықты ұзақ уақыт жұмсаған сайын түрлі кезеңдер мен уақыт кеңістігіне назар аударып, базардағы тіршіліктің қалай өзгергенін байқау өзім үшін де қызықты болды», – деп шығармашылық жұмысының барысында алған әсерімен бөлісті.

D4S 6472

Көрмеде суретшінің 30 жылдық еңбегінің жемісі саналатын сериялы «Қостанай базарлары» атты акварельдік жұмыстары қойылды. Жұмыстар қаланың қоғамдық орындарының күнделікті көріністерін, атап айтқанда, қалалық базарлардың атмосферасын бейнелейді. Автордың айтуы бойынша, базар – күнделікті күйбең тіршілікпен айналысып жүрген қарапайым адамдардың топтасатын және лакмус қағазы сияқты белігілі бір уақыттың өзіндік ерекшеліктерін бере алады. Мұнда ескі достармен және ескі таныстармен кездесіп қалуға болады. Базарда соңғы жаңалықтарды тыңдап, дүниелік даналықтың құпияларына ой жүгіртіп, жаныңды жайып тастай аласың. Георгий Соков әрбір туындысында айналасында сәттік тарих өрбитін басты кейіпкер жасайды. Суретші өз канондары арқылы өмір сүретін тірі әлемді сезіндіре отырып, көз алдыңа әкеледі. Бұл жерде бәрінің жаны бар және барлығы қайнап жатыр. Суретші жарқын бояулармен бейнелеген туған қаласының бейнесі бір жағынан мысқылды, бір жағынан мейірімді. Суретші шығармашылығынан жоғары мәдениеттің, ғажайып қиял мен нәзік көріністердің лебі еседі.

D4S 6424

Соков Георгий Михайлович (1941) Қостанай облысында туған. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. Суретші живопись, кескіндеме (эстамптер, линогравюра) сынды әралуан техникада жұмыс жасайды. Негізінен кескіндемеші, кітап безендіруші және театр суретшісі ретінде кеңінен танымал. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерейтой медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет Қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Георгий Соковтың шығармалары бірнеше рет Ресей, Польша, Румыния, Англия, Италия, Франция, Аргентина сынды елдерде қойылған.

Көрме 1 сәуірге дейін жалғасады.

Поделиться