Музейдегі «Мүсін өнері» сабағы

D4S 2837

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде музей жанындағы Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Мүсін өнері» атты шеберлік арт сабағы өтті.

Шара барысында оқушыларға мүсін өнерінің көнеден бергі тарихы жан-жақты түсіндіріліп, саланың бүгінгі дамуы туралы қызықты деректер айтылды. Сонымен қатар, оқушыларға тұңғыш кәсіпқой мүсінші, 300-ден аса мүсін сомдаған Хәкімжан Наурызбаев туралы мол дерек беріліп, хас шебердің музей қорында сақталып тұрған туындылары таныстырылды.

D4S 2831 2

Мүсін өнерінің қиындығы мен қызығын жеке тәжірбиесінде жасөспірімдерге жете көрсете отырып, етене түсіндіру мақсатында Суретшілер Одағының мүшесі, суретші әрі мүсінші Еркінбек Есімов сабақты практикалық тұрғыда жалғастырды. Белгілі мүсіншінің еңбектері Қазақстанда, сонымен қатар, АҚШ, Жапония, Түркия, ҚХР, Германия және Ресей елдерінің жеке топтамаларында да бар екенін айта кеткен жөн.

Сабақ барысында оқушылар өз қолдарымен кесе, құмыралар жасап, аталған өнерге бір табан жақындай түскендей болды. Себебі, арттерапия – бұл бейнелеу өнерімен емдеу дегенді білдіреді. Яғни зерттеушілер алақанды екінші тіл деп атаған. Бұл ретте белгілі ғалым, педагог В. Сухомлинскийдің «Бала қабілетінің қайнар көзі – оның саусақтарының ұшында» – дегені еріксіз еске түседі.

D4S 2810

Жалпы мүсін өнерінің адамзаттың  әдемілік пен әсемдікке құштарлығынан туындағанын анық байқауға болады. «Өсер елдің баласы тарихын таспен қалар», – деп кемеңгер жазушы М. Әуезов айтқандай, әсем мүсіндер әр дәуірдің мәдениетінен, өркениетінен һәм терең тарихынан сыр шертеді.

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Біз өз кезегімізде бүгінімізді мүсін өнері арқылы тарихтың бір кірпіші етіп қалайтын жастарға сенімдіміз. Себебі бала санасына жастайынан сіңірілген өнер, сурет арқылы алған тағылымды әсері оның мәдениетке, елге, жерге, тарихқа деген құрметін арттырып, азамат ретінде қалыптасуына оң ықпал етері сөзсіз. 

Поделиться