Ұлттық музейдің Ғылыми кітапханасы "Жер үстінде де жұмақ бар" атты кітаптың тұсаукесерін өткізді

D4S 7284

2018 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты прозалық жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

D4S 7257

Тұсаукесер рәсімін жүргізген атақты сатирик Көпен Әмірбек: «Кітапты рахаттанып оқыдым. 1 роман, 15 шақты әңгімесі енген. «Жер үстінде де жұмақ бар» романында Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт бабамыз жатқан жерді суреттеп, қазақ жерінің қасиеттілігін айтады. Біз жалпы жұмақ пен тозақ тек о дүниеде бар деп есептейміз. Ал Қуаныштың көтеріп отырған мәселесі адамдар өмір сүріп жатқан жерде, яғни жердің үстінде де жұмақ бар. «Тоқсанбайсыз той өтпейді» деген әңгімесі арқылы тоқсаннан асып кеткен қарияның үнемі тойға асығатынын жақсы суреттеген. Сол арқылы адамның өмірге деген құштарлығын, өмір жалғастығын айтады. Заманымыздың заңғар қаламгері М. Әуезов: «Әр қаламгер әдебиетке өзінің талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісу керек» деген. Мына кітапта Қ. Жиенбайдың жібектей мінезін байқалып тұр» деді өз пікірін білдірді.

D4S 7377

«Жер үстінде де жұмақ бар» романында  Байқоңыр космодромы мен Қорқыт баба кесенесі арасындағы «құдайдың назары түскен» қасиетті топырақтың бүгіні мен келешегі, оның аспан дүниесімен байланысы, болашақта  әлемдік деңгейде тыңғылықты зерттеуді қажет ететін киелі мекен болатындығы нақты дәлелдермен жан-жақты суреттелген. Кейіпкерлері дараланған. Шығарма көтерген мәселесінің ауқымдылығымен де, тылсым-құпиялығымен де қызықты.

Жазушы Марат Мәжитов: «Қ. Жиенбайдың шығармашылығымен ертеден таныспын. Повесть пен әңгіме жанрында Қ. Жиенбай қамшы салдырмайды. Бұл кітапқа ескі әңгімелері кірмепті, түгел жаңа шығармалары беріліпті. Қуаныш өз шығармасына өте жауапты қарайды. Солқылдақ нәрселерді бермейді. Құшағы кең, белі мықты, жауырыны қайқайған кейіпкерлермен ғана сөйлеседі. Шамалы дүниеге көңіл аудармайды»  деді.

Әр қаламгердің жан дүниесіне жақын өз тақырыбы, өзінің айқын қолтаңбасы, адам психологиясындағы астаң-кестең арпалысқан сезімдерді майдан қыл суырғандай аса дәлдікпен суреттейтін шеберлігі болады десек, Қуаныш Жиенбай осы пікірімізге толықтай дәлел бола алатын прозашы. Ол – оннан астам кітаптың авторы, әдеби сын жанрында да өз бағасын алып үлгерген қалыптасқан қаламгер.

Ал, жинаққа енген әңгімелердің дені соңғы кездері жазылған. Жазушы замандастарының аулан түрлі мінез қайшылықтарын көркем тілмен ашып береді. Және сол замандастарының бейнелері арқылы жалпы қоғам психологиясы мен ауысқан заман бейнесін асқан шеберлікпен бейнелейді.

D4S 7241

Айта кетерлік тағы бір маңызды мәселе, аталмыш жинақ Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша «lnterBes Company» баспасынан жарық көріп отыр. 

Поделиться