«Уақыт және Астана: Болашақтан кейін»

 NIK1862

2017 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Уақыт және Астана: Болашақтан кейін» («Time & Astana: After Future») атты заманауи өнер көрмесі ашылды.

Көрме «Artcom» шығармашылық коммуникациялық платформасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «ArtСollider-Өнер ғылыммен кездескен кезде» атты жоба шеңберіндегі суретшілердің, сәулетшілердің, философтардың, антропологтардың, әлеуметтанушылардың, биологтардың бірігіп жасаған еңбегінің нәтижесі.

 NIK1881

Бұл көрменің өте қысқа мерзім, 5 күнде жасалғанын тілге тиек еткен Заманауи өнер орталығының жетекшісі Әбенова Роза:

«Біздің жас суретшілеріміз не ойлайды? Олар не оқып, оқу орындары оларға не оқытып жатыр? Замануи өнер деген, замануи суретші деген кім? Міне, біз бүгінгі көрмеміз арқылы осы сұрақтарға жауап бергіміз келді. Бүгінгі көрмені, негізінен, экспериментальды көрме деуге болады. Сіздердің  көріп отырған жұмыстарыңыз бүгінгі қаланың, бүгінгі өнердің және қоғамның жас суретшілердің сана синтезінен өткен көрінісі», - деп көремнің негізгі мәніне тоқталды.

 NIK1897

Көрме кураторы Әйгерім Қапар:

«Бірінші кезекте барша жиналған қауымға және Ұлттық музейдің Заманауи өнер орталығына шын алғысымды білдіремін. Осындай еліміз үшін маңызы жоғары өнер ордасының жас суретшілердің өнеріне көңіл бөліп, көрмелерін ұйымдастыруы үлкен батыл қадам деп білемін. Осы көрме ұйымдастырылмас бұрын, өнер мен ғылымның кездесуі турасында, қаланың өткені мен бүгіні және болашағы турасында біздің арамызда көптеген талқылаулар болды. Біз әкелеріміз көрген Ақмоланы, өзіміз көріп жүрген Астананы және болашақ ұрпақ көретін Астанамызды көрсетуге тырыстық. Нәтижесі, алдарыңызда. Және бұл көрме «тірі көрме» болмақ. Олай дейтініміз, аптаның әр сенбісі сайын осы көрме залында танымдық экскурсиялар жүргізіліп тұратын болады», - деп көрмені тамашалауға шақырды.

Көрмеде 25 қатысушының инсталляция, фото, видео-арт, перформанс, кескіндеме сынды туындылары назарға ұсынылды.  «Уақыт және Астана: Болашақтан кейін» көрмесі – бұл қаланы арқау ете отырып уақыт ұғымын көркемөнер арқылы зерттеу, өзара ықпалдастыққа, ұғынуға мүмкіндік болатын тіреуді табуға талпыныс.

Көрме тьюторлары суретшілер Алмагүл Меңлібаева мен Асхат Ахмедияров. Көрме кураторы Әйгерім Қапар.

Көрме 2018 жылғы 21 қаңтарға дейін жалғасады.

Поделиться