Бәйкен Әшімовтың ұрпақтары Ұлттық музейде

D4S 3162 ж

Өздеріңізге белгілі, 2017 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлттық  музейге сый тарту» акциясының 2017 жылғы қорытынды жиыны өткен болатын. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы Ұлттық музейдің төл жобасы ретінде 2015 жылғы 18 наурыздан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, басталған күнінен бастап мәдениет, ғылым, қоғам, спорт қайраткерлерінен және олардың ұрпақтарынан қолдау тауып келеді. Елге елеулі, халыққа қалаулы тұлғаларымыздың артында қалған дүниелерін ұрпақтары немесе көзі тірілері өздері әкеліп осы жоба аясында музей қорына тапсырып жатыр. Осы тізімде Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Әшімов Бәйкен Әшімұлының да жеке заттары бар. Ол – 15 одақтас республикалар ішіндегі Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде 14 жыл бойы қызмет істеген жалғыз тұлға. Қызмет еткен 1970-1984 жылдар аралығында ғылым, мәдениет, экономикалық дамуға орасан зор үлес қосып, сол кезеңнің ең биік марапаты – Социалистік Еңбек ері «Алтын жұлдызымен» марапатталған.

D4S 3154 ж

Әшімов Бәйкен Әшімұлы 2007 жылы өзінің 90 жылдық мерейтойына орай Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан «Отан» орденін алды.

Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін Бәйкен Әшімов «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1-ші деңгейлі екі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен және Польшаның ең жоғары әскери құрмет белгісі «Вертути Милитари» орденімен марапатталған.

2017 жылғы 20 желтоқсан күні «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының қорытынды жиынында ұйымдастырылған көрмені Бәйкен Әшімовтың баласы профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының мүшесі, Халықаралық экономика академиясының академигі – Оңдасын Әшімов өзінің жарымен келіп тамашалады. 

Олар өз әкелерінің көрмеге қойылған жәдігерлерімен қоса басқа да көрмелік материалдармен, тарихи құнды жәдігерлермен танысты.

Ұлттық музей қызметкерлері өз кезегінде қонақтарға музей қорын құнды жәдігерлермен толықтыруға қосқан сүбелі еңбектері үшін үлкен алғысын білдірді. 

Поделиться