«Ұлттық музейге сый тарту – 2017»

D4S 1649

2017 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлттық  музейге сый тарту» акциясының 2017 жылғы қорытынды жиыны өтті.

Өздеріңізге белгілі, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы Ұлттық музейдің төл жобасы ретінде 2015 жылғы 18 наурыздан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін аталмыш акция Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл қалаларында өткізілді. Акция барысында әр жылдың желтоқсан айында Астана қаласы, ҚР Ұлттық музейінде акцияның қорытынды жиыны ұйымдастыралып, өңірлерде өткізілген акцияда Ұлттық музей қорына қабылданған жәдігерлер негізінде көрме ұйымдастырылатын.

D4S 1666

«Ұлттық музейге сый тарту» акцияның негізгі мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу.

D4S 1759

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары А. Сатыбалдин: «Аталған акцияның нәтижесінде музей қорына 3000-нан астам құнды жәдігер қабылданды. Бұл шараның мақсаты тарихи-мәдени мұраны жинау, сақтау және насихаттау. Ал, екіншіден, мәдени мұраны сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару.  Бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген ұлттық бірегейлікті сақтау идеясымен ұштасып жатыр. Белгілі тұлғаларымызға және тарихи оқиғаларға қатысты жәдігерлерді жинай отырып, музейге келген әр қонаққа насихаттап, тамыры терең тарихымызбен таныстырамыз»

D4S 1828

Үшінші рет ұйымдастырылған биылғы қорытынды жиын көрмесі алдыңғылардан өзгеше болды. Себебі, бұл қорытынды жиында жасақталған көрмеге тек биылғы жылы Орал, Петропавл қалаларында ұйымдастырылған «Ұлттық музейге сый тарту» акцияларында Ұлттық музей қорына қабылданған жәдігерлермен қатар, ХХVIII қысқы Универсияда және EXPO-2017 Халықаралық көрмесінен музей қорына қабылданған экспонаттар да қойылды.

D4S 1861

2016 жылы Рио-де Жанейрода өткен олимпиада чемпионы Елеусінов Данияр Маратұлы: "Менің де қолғабымды жәдігерлер арасына қабылдағандарыңызға рахмет. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Еліне еңбегі сіңген танымал ағаларымыздан, Ұлы Отан соғысы батырларынан қалған жәдігерлердің арасында менің де қолғабым тұратынына қуаныштымын. Бұл шараның жастар үшін маңызы зор. Жәдігерлерді көру арқылы ата-бабаларымызды тани түсуге болады. Ұлттық музей көркейіп, дами беруіне тілектеспін. Болашақта заттары осы музейден жәдігер ретінде орын алатындай танымал тұлғалар көбейе берсін" – деді өз сөзінде.

Биылғы «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының қорытынды жиынына жазушы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Есенжановтың туыстары – Сәуле Есенжанова мен Билкаиров Сайлау Кесметұлы,  2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиаданың қола жүлдегері – Ларионова Екатерина Алексеевна,  халық әртісі, «Отан» орденінің иегері Ескендір Хасанғалиевтің қызы – Хасанғалиева Тоғжан Ескендірқызы жәнебоксшы, 2016 жылы Рио-де Жанейрода өткен олимпиада чемпионы – Елеусінов Данияр Маратұлы  секілді елімізге белгілі азаматтар мен танымал тұлғаларымыз және олардың туыстары қатысты.

Поделиться