Музыка археологы

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен қазақтың тұңғыш аспаптанушы ғалымы, музыкатанушы, этнограф Болат Сарыбаевтың 90 жылдығына арналған музейлік квест сабағы өтті.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтынын айтқан болатын. Міне, аталған сабақ та бүгінгі ұрпақтың қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығымен таныс болып, ұлттық музыканың, ұлттық аспаптың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мұра екендігін білуге, оны құрметтеуге баулу, сондай-ақ, Ұлттық музей қорындағы Болат Сарыбаев коллекциясындағы музыкалық аспаптарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.D4S 0104

Сабаққа Астана қаласының мектеп оқушылары қатысып, ғалымның өмірі мен шығармашылығы, қазақтың музыкалық аспаптары жайында жан-жақты ақпарат алды. Қазақ музыкасының тарихында «Сарыбаев кестесі» деген атаумен қалған ғалымның аспаптардың орындалу ерекшеліктеріне байланысты жіктеген кестесімен танысып, ұлттық аспаптарға қатысты әр түрлі тапсырмаларды үлкен қызығушылықпен орындады. Халық арасында кең танылмаған даңғыра, адырна, сақпан сияқты т.б. аспап түрлерімен, олардың жасалу жолдарымен танысты. Кеш соңында №1 Өнер мектебінің оқушысы Бахтияр Шыңғыстың қобызда халық күйі «Бақсы сарыны» орындады.

Қазақ халқының көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің жандануы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев есімімен тығыз байланысты. Еселі еңбектерінің арқасында ол шаңқобыз, сыбызғы, сазсырнай, үскірік, үш ішекті домбыра, шертер, жетіген сияқты  30-ға жуық қазақтың көне музыкалық аспаптарын іздеп тауып, жарыққа шығарды. Қазақтан өзге түркі тілдес халықтардың 400-ден астам музыкалық аспаптарын жинап, 300-ге жуық монографиялық еңбектер жазды. Өзінің екі бөлмелі пәтеріне ол екі жүз елуден астам музыкалық аспаптарды жинап, мұражай ашты.D4S 0205

Болат Сарыбаевтың  ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақ халқының бай мұрасы кеңінен насихатталып, ұмыт бола бастаған төл өнеріміз қайта жанданды. Музыка зерттеу саласындағы еңбектері мен ізденістері көзі тірісінде-ақ жоғары бағаланып, оны «Музыка археологы» деп атап кеткен.

 

 

Поделиться