Археолог заңғары

D4S 5036

Әр адам үшін ең басты нəрсе – өз ұлтын сүю, жанашыр болу. Әр адам өз елінің, өз жерінің тарихын білуге міндетті. Бізге бүгінгі күні жарқын болашаққа батыл қадам басу үшін, өткенімізді ұмытпай, бүгінімізді ұлықтауымыз қажет. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ақылымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту мәселесін көтерген болатын. Осы мақсатта, яғни бүгінгі ұрпақ қазақ мәдениетіне, тарихына еңбегі сіңген қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығымен таныс болсын, үлгі алып өссін деген мақсатпен 22 қараша күні Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастырумен белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашевтың 70 жас мерейтойы аясында ғалыммен кездесу болып өтті. Кездесуге Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп пен №60 мектеп-лицейінің оқушылары, музейдің «Жас археолог» үйірмесінің мүшелері, музей қызметкерлері қатысты.

D4S 5164

Кездесуді ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Кочетов Леонид Владимирович құттықтау сөзбен ашып, Зайнолла Самашұлының есте жоқ ескі замандардағы тарихымызды ел жадында жаңғыртқан орасан зор еңбектеріне тоқталып өтті.

Жиын барысында  З. Самашұлы өзінің өмірі мен ғылыми еңбектері жайлы айтып, балалардың қойған сұрақтарына жауап берді. Мерейтойлық кездесуде Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері Ахметқалиева Гүлжанат «Тарбағатай таулары» әнін орындаса, «Халық қазынасы» институтының ғылыми қызметкері, белгілі күйші Ардаби Мәулетұлы күйден шашу шашты.

D4S 5202

Сондай-ақ, кездесу соңында ғалым музейдің «Жас археолог» үйірмесінің белсенді мүшелеріне үйірменің арнайы белгісін табыстады.

Кездесуден үлкен әсер алған балалар ғалымнан жарыса қолтаңба алып, естелік суретке түсті. Зейноллла Самашұлы «жас ұрпақты ата-бабаларымыздың ескерткіштері мен тарихи құндылықтарды сақтауға, ұлттық тарихи-мәдениетке тәрбиелеу арқылы оларда тарихи сананы қалыптастыру – өте өзекті мәселе» екенін атап өтті.

D4S 5288

 

 

 

 

Поделиться