Ұлттық музейде – «Эрмитаж күндері»

D4S 3619

2017 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» ашылды. Шара аясында Эрмитаж музейінен келген өкілдердің және Ұлттық музей басшылығының қатысуымен пресс-конференция және Ұлттық музейдегі «Эрмитаж күндерінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Эрмитаж күндерінің» ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ғылыми хатшысы Уәлиев Қуатжан, Мемлекеттік Эрмитаждың Бас директорының орынбасары, бас қор сақтаушы Светлана Борисовна Адаксина, Эрмитаж музейі «Арсенал» бөліміндегі қару-жарақтар секторының меңгерушісі Юрий Георгиевич Ефимов, Эрмитаж музейі Реставрация және консервация бөлімінің меңгерушісі Татьяна Александровна Баранова, Эрмитаж музейі Ғылыми реставрация және консервация бөлімі, Асыл металдарды реставрациялау зертханасының меңгерушісі Игорь Карулович Малкиельжәне т.б. мамандар қатысты.01

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан: «Бұл шара барлық жағынан тығыз байланыс орнатып үлгерген Қазақстан мен Ресей Федерациясының өзара ынтымақтастығының көрсеткіші. Экспо-2017 Халықаралық мамандандырылған көрменің аясында ұйымдастырылған «Шығыс пен Батыс: Мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақтар» көрмесі көпшілікке қызықты болғаны сөзсіз. Аталған көрмеден қару-жарақ өнері және олардың тарихымен танысуға мүмкіндік болды. Ұлттық музейде «Эрмитаж күндері» - белгілі бір мерзім аралығында дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын ісшара. Осының нәтижесінде Мемлекеттік Эрмитаж бен Ұлттық музейдің өзара байланысы нығаюда. Әлемге әйгілі Эрмитаждан үйренеріміз, үлгі алатын дүниелеріміз бар», - деп өз пікірін білдірді.02

Мемлекеттік Эрмитаждың Бас директорының орынбасары Светлана Борисовна Адаксина: «Осы шараның барысында Мемлекеттік Эрмитаждың ҚР Ұлттық музейімен мәдени, шығармашылық және достық қарым-қатынасымыз арта түсті. Бұл байланыстың біз үшін маңызы зор. «Экспо-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған Эрмитаждың қару-жарақтар көрмесі осы қарым-қатынастың нақты дәлелі деуге болады. Бүгінгі бағдарламада Эрмитаж мамандары лекциялар оқиды. Эрмитаждың жаңалықтарымен және кейінгі жылдардағы жетістіктерімен бөліседі. Тек айтып қана қоймай, көзбен көрулеріңіз үшін біздің мухзейдің «Юпитер» залын алып келдік. Яғни ондағы экспонаттарды виртуалды түрде тамашалай аласыздар»-деді.03

«Эрмитаж күндері» бағдарламасында ұсынылған бірінші алаң – Эрмитаж VR. Виртуалды шынайылық кинотеатры. Бұл жерде басты рөлде Константин Хабенский  ойнайтын  360 градус форматындағы  «Эрмитаж VR.Тарихқа  сүңгу»  фильмі көрсетілді. Екінші алаң Эрмитаждың Юпитер залының виртуалды моделі. Көрермендер Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Эрмитаждың Юпитер залын виртуалды түрде «тамашалады». 

10-12 қараша аралығында музейге келушілердің назарына  Эрмитаж музейінен әкелінген виртуалды шынайылық аймағы жұмыс жасайтын болады.