Ұлттық музейде «Тұмар» ұлттық киімдер топтамасы көрсетілді

D4S 1881

2017 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Nation look» балаларға арналған ұлттық киімдердің сәндік көрсетілімі өтті. Шараны Ұлттық музеймен «Іңкәр сезім» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

«Nationlook» топтамасында қазіргі сәттегі кешегі мен ертеңгінің, яғни ескілік пен жаңалықтың үйлесімі көрініс тапқан. Топтама 20 туындыдан тұрады. Басым бөлігінде авторлық ою-өрнектер мен табиғи терілер қолданылып, әрі заманауи сән үлгісіне сай тігілген. Шараның басты мақсаты – этностилдің халық арасында қолданылу аясын кеңейту, қазақтың ұлттық киімдерін үнді сариі немесе жапон киманосы сынды танымалдылық деңгейге көтеру.

D4S 2002

 

Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, сән сыншысы Сергей Садыков: «Бүгін «Тұмар» деп аталатын балалар киімдерінің топтамасы көрсетілді. Топтаманың ерекшелігі балалардың ойнауына, еркін қозғалуына ыңғайлы болмақ. Бұл киімдерге түрлі ұлттық ою-өрнектер тігілген. Ал әр ою-өрнектердің өз мағынасы барын барлығымыз білеміз. Осы арқылы қазақ халқының мәдениетін танытуға болатыны анық, - деп өз пікірімен бөлісті.

Көрсетілім барысында Қайролла Әбішевтың «Зекенмода» және Рахима Абишеваның «Arujan» сән үйінің топтамалары көрсетілді.Қайролла Әбішевтың шығармашылық бағыты негізінен заманауи жаңғыртылған топтамалардан тұрады. Жұмыстарының көпшілігі заманауи стильмен орындалса да, ұлттық нақыш, ұлттық элементтер көрініс береді. «Arujan» сән үйі және оның идеялық шабыттандырушы — Рахима Абишеваның да топтамалары елімізге ғана емес, шет елдерге де танымал. Шебердің қолынан шыққан «Алтын құм» топтамасы Мәскеуде өткен «Жоғарғы сән» апталығында барлық қазыларды тәнті еткен болатын. 

D4S 2518

Ұлттық музейде дәстүрлі және стилденген киімдердің көрсетілуі қазақ ұлттық киімінің танымалдылығын арттырады. Топтамаларды көрсету шеңберінде музейдің «Шебер» және «Бейнелеу өнері студиясы» үйірмелерінің балалардың туындыларынан да көрме  ұйымдастырылды.