Музей педагогикасы игі шаралар бастауында

D4S 2390

Ұлттық музейде биыл ғана жолға қойылып, жаңадан ашылған «Шебер» және «Домбыра үйрену» үйірмелері өз жұмыстарын бастап кетті. Аталмыш жобаларға оқушылар тарапынан үлкен қызығушылық туындап отыр. Ал, музейдің педагогика бөлімі бүлдіршіндердің бұл қызығушылығын бейтарап қалдыра алмайтыны сөзсіз.

20171010 104015

Осы мақсатта, қазанның 13 күні Астана қаласының №70 орта мектебі оқушыларына «Әшекей бұйымдардың әсем әлемі» тақырыбында музейлік сабақ өткізілді.  Сабақ барысында оқушылар сан қилы кезеңдерден өтсе де, көркемдік бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін бұлжытпай сақтай отырып,  ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде  жалғасын тауып келе жатқан қолөнеріміздің ішіндегі киелі әрі күрделілерінің бірі – зергерлік өнер туралы көп мәлімет алды.

20171011 115956

Сондай-ақ, 20 қазан күні аталмыш мектеп оқушыларына халық шығармашылығының көне жанры және пайда болу тарихымен ғасырлар тереңіне кететін қазақтың ұлттық мақал мәтелдері тұрғысында «Мақал мәтелдер мен жұмбақ әлемі» атты ойын сабағы өткізілді.

D4S 8714

Темірді қызған шағында соғу керек емес пе? Ал, баланың қызған шағы бүлдіршін кезі. Музей педагогикасы бөлімінің қызметкерлері де осы ұстанымнан айнымай, балалардың ұлттық өнерімізге деген қызығушылығын әртүрлі жолдармен сіңіруге атсалысып жатқан жайы бар.

D4S 0266

Мектеп оқушылары бір бөлек, жоғарғы оқу орындарының студенттері де музей назарынан тыс қалмайды. Бұл тұрғыда, Ұлттық музейде «Дана» студенттер клубы жұмыс істейді. Жас ізденушілерге музей құндылықтарын таныстырып, ол жөніндегі өз пікірлерін ортаға салып, талдау мақсатында құрылған аталмыш студенттер клубының кезекті кездесу кеші қазан айының 26 күні ұйымдастырылып, «Өзекті өнер» атты тақырыпта музейлік сабақ өткізілді. Оған «Шабыт» Ұлттық Өнер Университетінің 2-3 курс студенттері белсене қатысқан болатын.  Сабаққа белгілі қазақстандық суретші Арыстанбек Шалбаев шақырылып, суретшінің жеке шығармашылығы мен жалпы өнер турасында келелі әңгіме өрбіді.

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің  Эстетикалық тәрбие беру секторы қазан айында осындай игі шараларды жүзеге асырды. Әрине, осы сабақтарға қатысқан оқушылар мен студенттердің барлығы өнер жолын таңдап, тағдырын осы жолмен байланыстырады деп айта алмаймыз. Бірақ, олардың әрбірінің кеудесінде өнер себетін ізгіліктің оты тұтанғаны сөзсіз.