Ұлттық музейде мексикалық суретшінің көрмесі ашылды

7 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ҚР-да аккредиттелген Түркиядағы Мексика Елшілігімен бірлесіп танымал мексикалық суретші Роджер фон Гунтеннің (RogerVonGunten) «Eden» атты көрмесінің ашылу салтанатын өткізді.КөрмеҚазақстан Республикасы мен Мексика Құрама Штаттары арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Шара барысында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Марал Балтышев: «Мексикалық суретші Роджер фон Гунтеннің бүгінгі көрмеде ұсынылған туындыларын тамашалау арқылы біз мексикадағы заманауи өнермен сусындай аламыз. Біздің музейде осыған дейін де бірнеше мексикалық суретшілердің көрмесі өткен болатын. Соның барлығы Мексика Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы тығыз мәдени байланыстың барын көрсетеді» деп, көрменің өтуіне екі ел арасындағы ынтымақтастықтың да себеп болып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде көрменің ашылу салтанатына Мексикадан арнайы келген өкіл Алихандра Мартинез Сильва Ұлттық музей басшылығына және музейдегі заманауи өнер орталығының қызметкерлеріне алғысын білдірді. «Кейінгі жылдары Қазақстан мен Мексика арасында тығыз қарым-қатынас орнап келеді. Оның бір дәлелі биыл сіздердің мемлекеттеріңізде өткен «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне Мексиканың да қатысуы болып табылады. Алдағы уақытта екі ел арасында дипломатиялық байланыспен қатар мәдени байланыс та орнайтынына сенімдімін», – деді Алихандра ханым.

Көрмеге суретші шығармашылығынан 20 кескіндемелік туынды қойылды. Роджер фон Гунтен «жарылыс толқыны» деп аталып кеткен ХХ ғасырдың 60 жылдарындағы жас суретшілердің «LaRuptura» (Жарылыс) атты қоғамының негізін қалаушылардың бірі. Бұл топтың суретшілері соғыстан кейінгі кескіндеме өнеріндегі догматикалық және формалды дәстүрлерді теріске шығарды. Олар – өнердегі әлемдік үрдістерге жүгіне бастады, осылайша бұл жас суретшілер мексика өнеріндегі модернизмнен постмодернизмге дейінгі өтпелі кезеңге өз ықпалдарын тигізді.

Роджер фон Гунтен 1933 жылы Цюрихте дүниеге келген. Суретші 1957 жылы Мексикаға кетеді. Мексиканың бүлінбеген асау табиғатына тамсанып, ацтек, үндіс, майя сынды ежелгі өркениеттердің мәдениеттеріне, елдің ұлттық мәдениетіне терең мән береді. Суретшінің бояулары тропикалық көк шалғынның, күн мен құмның, көк теңіздің қанық түстерімен толыға бастайды. Ол бейнелердің көркем әлеміне еніп, қиял-ғажайыпқа, идиллиялық эротикаға, мысқылға толы кескіндемелік шығармаларды бейнелейді.

Роджер фон Гунтен сурет өнерінде хроматикалық қанық түспен, айрықша ырғақты сұлбалармен ерекшеленетін өзінің жеке кескіндемелік тілін қалыптастырды. Ол Мексиканың заманауи өнеріне зор үлес қосқан. Роджер фон Гунтеннің шығармалары тек Мексикада емес, шетелдерде де кең таралған. Ол түрлі елдерде 200-ден астам көрме өткізді, олардың ішінде: Швейцария, Испания, Франция, Англия, АҚШ, Канада, Индонезия, Жапония, Грузия және т.б. бар.

Көрме 2017 жылғы 30 қарашаға дейін жалғасады.