"Тылсым әлем"

D4S 0735

2017 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған Литва суретшісі Әсия Радавичененің «Тылсым әлем» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Суретшінің тарихи отаны Қазақстан. Ақтөбе қаласында дүниеге келген Әсия Ғалымжанқызы Әлжанова экономика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтік ғылымдардың докторы, Ақтөбенің жоғары оқу орындарындағы әлеуметтік пәндердердің оқытушысы.
Әсия Радавичене 1989 жылдан Литвада тұрады. Ол осы жерде көркем суретпен айналыса бастайды. Суретшінің туындылары қараған жанға қуат беріп, таңғажайып көркемдігімен адамды баурап алады. Сурет өнерінің сиқыры ертегі әлеміне жетелегендей әсерге бөлейді.

D4S 0570
«ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Литва Республикасының өкілі Ромас Янкаускас: «Әсия Радавичененің туған жері – Қазақстан. Ол Литва азаматына тұрмысқа шығып, отыз жыл бойы сол жақта өмір сүргенімен өз елін, түп-тамырын ұмытқан жоқ. Суретшінің туындыларынан екі елге ортақ ұқсастықты байқау қиын емес. Дархан қазақ даласы мен литва елінің тыныс-тіршілігін өзара байланыстыра білген автор шығармаларының мазмұны бірлікті, татулықты, бейбіт өмірді насихаттайды», – деп өз пікірін білдірді.

D4S 0403
Әсия Радавичененің суреттерінде Алатаудың шыңдары, қазақ даласы, литва өзендері мен көлдерінің салқын самалы, Ежелгі Мысыр тақырыбы бойынша суреттер бейнеленген. Суретші картиналарының өзгешелігі мен тартымдылығы батыстық балтық және қазақ мәдениеттерін біріктіруінде жатыр.

D4S 0407
ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетов: «Ұлттық музейде отандасымыздың көрмесінің тұсауы кесіліп жатқанына қуаныштымын. Әсия Радавичене ғылым докторы, Ақтөбедегі жоғары оқу орнында сабақ берген. Ол суретшілік өнерін Литва елінде дамытқан. Мұнда қойылған туындылар батыс пен шығыстың ортақ үндестігі, қос елдің мәдениетінің қосындысы. Автор шығармаларында бейнеленген арғымақ, тұлпар, аттың шабысынан Әсияның туған жерге, қазақтың байтақ даласына деген сағынышын байқау қиын емес», – деп өз сөзінде автор туындыларының мазмұнына тоқталып өтті.