Бәтима Зәуірбекованың «Ұлы дала өрнектері» атты жеке көрмесі ашылды

D4S 7128

2017 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР-ы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Бәтима Зәуірбекованың «Ұлы дала өрнектері» атты жеке көрмесі ашылды.
Бәтима Зәуірбекованың шығармашылығымен 1970-жылдары басталған қазақстандық гобелен тарихының тұтас бір кезеңі тығыз байланысты. Оның туындылары әрқашанда танымал және біртума, шеберлігімен, терең сезімділігімен, тұрмысқа философиялық мән беретіндігімен ерекшеленеді. Қазақ халқы мәдениетінің бастауларынан нәр алған Зәуренің жұмыстары ырғақтың өзгеше әуенімен, түстердің таңғаларлық құбылмалылығымен және ассоциациялық ойға бай болуымен көзге түседі.

D4S 7096Көрменің ашылу салтанатында алғы сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Бұл көрме «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастырылып отыр. Бәтима Зәуірбекова қазақ өнерін дүниежүзіне паш етіп жүрген танымал суретші. Әр өнер адамының шығармасы – оның ішкі әлеменің көрінісі. Рухани бай, өзіндік көзқарасы биік адамнан ғана осындай керемет туындылар тумақ. Жан-дүниесі әдемі адамның істеген еңбектері де әдемі. Дүниежүзі Бәтима Зәуірбекованы «Әдемі қыздарымен» таниды. Онда қазақ қызының образы бейнеленген. Өте шебер жасалған көркем дүние. Көрменің ашылуы құтты болсын!»
Автор шығармаларында қазақ бойжеткенінің ішкі дүниесін көрсететін әйел бейнесіне ерекше көңіл бөлінген. Олар ежелгі заман әуендермен үйлесім тапқан. Оюлы суреттер Ұлы даланың қайталанбас көріністерін береді.

D4S 6543
Тарих ғылымдарының докторы Шайзада Жаппарқызы Тохтабаева: «Бәтима Зәуірбекованың туындыларының ерекшелігі сол, суреттер гобиленнен жасалған. Автор шығармаларының өзіндік сиқыры бар, адамды бірден баурап алады. Түсінген адам үшін өзіндік нәзік тілі бар. Біз өмір сүріп жатқан кезең қарбаласқа толы. Ұрлық, зомбылық, өлім деген нәрселерді естіп те, көріп те жүрміз. Ал Бәтиманың әлемі адамға тыныштық, сабырлылық сыйлайды. Оның әлемі – сұлулық әлемі. Б. Зәуірбекова өз шығармашылығын ұлттық құндылықтармен әдемі үйлестіре білген».

D4S 6544