«Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесі ашылды

D4S 4915

2017 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. 

 

Негізгі деректер бойынша Бейбарыс сұлтан (1223 немесе 1225-1277)  Қара теңізден солтүстікке қарай «Дешті Қыпшақта» (Қыпшақтар даласы)  дүниеге келген.XIV ғасырдағы Мысыр тарихшысы әл-Айни өзінің  «Икду аль-джуман фи тарих ахл аль-азман» («Уақыт тұрғындары туралы інжу алқасы») еңбегінде Бейбарыс бин Абдулланың қыпшақ нәсілінен екендігі туралы жазған. Ән-Нувайридың мәліметтері бойынша, Бейбарыс түркі жұртынан, қыпшақтың Елбөрілі тайпасынан шыққан.

D4S 4805

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

«Қазақстан үшін, еліміз үшін бүгін ерекше күн болып тұр. Себебі Сұлтан Бейбарыстың көрмесін алғаш рет елімізге алып келіп отырмыз. Осы уақытқа дейін Сұлтан Бейбарыс туралы көркем фильм түсіріліп, бірнеше спектакльдер қойылды. Бірақ Сұлтанның қолы тиген, өз қолтаңбасын қалдырған ерекше жәдігерлері елімізге бірінші рет әкелінді. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш, қуанышымыз құтты болсын»! – деді өз сөзінде.

Бейбарыс тақта 17 жыл (1260-1277 жж.) отырды. Сұлтан билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналды. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер, Каирде сарайлар мен мешіттер салынды, қолөнері, егіншілік, ғылым, сауда, өнер салалары дамыды.

D4S 4839

 

Араб Республикасы Египет Көне істер министрлігінің Ислам секторының Төрағасы Альсаид Хелми Еззат Мари:

«Осы қасиетті жерде туылып, Мысыр жеріне қызмет еткен Бейбарыс – өте дана сұлтан. Ол – өзінің  батырлығымен, отан сүйгіштігімен, елін, жерін қорғау арқылы әлемге танылған сұлтан. Сіздер куә болып тұрған көрмеге Сұлтан өмір сүрген кезеңнің түрлі заттары қойылды. Мұндағы басты жәдігер – Бейбарыстың батырлығын, сұлтандығын, ерекше ерлігін сипаттайтын, оның арыстан бейнеленген эмблемасы, - деп Сұлтанның мөрі іспеттес арыстан таңбасы бар эмблемасын ерекше атап өтті.

D4S 5006

Бейбарыс сұлтан Палестина мен Сирияда Ирандағы моңғол елхандарына және еуропалық кресшілерге тойтарыс берген  соғыстарымен танымал. Халық Абуль-Футух «Жеңістердің атасы» деп ардақтаған Бейбарыс Шығыстың көрнекті қолбасшысы.

Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Ислам өнері музейі (Каир қ., Мысыр) жинағынан жәдігерлер қойылды.

Көрме 10 тамызға дейін жалғасады.