«Әзірбайжан – ислам әлемінің маржаны»

      2017 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Әзербайжан Республикасында жарияланған «Ислам ынтымақтастығы жылы» аясында өтетін «Әзербайжан – ислам әлемінің маржаны» атты фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті.
      Фотокөрмені Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Республикасының Елшілігі Баку қаласында 12-22 мамыр аралығында өтетін Ислам ынтымақтастығының IV ойындарының ашылуы қарсаңында ұйымдастырып отыр.
      Сол сияқты көрме Әзербайжанның жалпы ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 10 мамырда тойланатын 94 жылдығына да арналды.
      Көрменің ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Леонид Владимирович Кочетов«Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ешбір халықтың мәдениетін жатсынбайды. Осы музей қабырғасында қаншама шет елдік көрмелер және шет елдің суретшілері мен мүсіншілерінің көрмелері болып өтті. Бүгінгі көрме де осы тізімді толықтырып отыр және маңызы ерекше екенін айта кеткеніміз жөн. Өйткені, Әзірбайжан мен Қазақстан ежелден туыс, достық қарым-қатынастағы елдер. Достығының тамыры ғасырларға кетсе, туыстығы тіптен тарихтың тереңіне тартады. Біз алдағы уақытта да осындай мәдени қарым-қатынастарымызды дамыта беретінімізге сенімдіміз», - деп сөзін аяқтады.

     Өз кезегінде Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов«Қазіргі таңдағы әлем үшін толеранттық пен мәдениеттілік жетіспейтін секілді. Дін аралық қақтығыстардың көбейіп бара жатқаны да сондықтан деп ойлаймын. Әлемдік БАҚ ислам дінін террористердің діні ретінде көрсеткісі келіп, іріткі салып бағуда. Қазіргі дүние жүзілік жағдайдан байқап отырғандарыңыздай бұл қақтығыстар жақсылыққа апармайды. Ал, аталмыш келеңсіздіктердің алдын алу үшін қарапайым халықтың мәдениеттілігі мен төзімділігін, дүниені тануын арттыратын көрмелер өткізгеніміз жөн және бүгінгі көрме солардың бастамасы болмақ», - деді.

      Ұлттық музейде қонақтар мен келушілердің қызығушылығын тудыратын көрме тақырыбын ашатын Әзербайжан фотосуретшілерінің 50-ден астам туындылары қойылды.

Поделиться