Түрікменстан басшысы Ұлттық музейде болды

      19 сәуірде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Ұлттық музейде болды. Оның барысында Президент қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен және тұрмысымен, музейдің жаңа ақпараттық технологияларымен танысты. Түрікменстан көшбасшысына Тәуелсіз Қазақстанның символы, бүкіл әлемге танымал археологиялық олжа және елдің ұлттық игілігі – «Алтын адам» таныстырылды.

      Ұлттық музейге өзінің сапары ауқымында Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердмұхамедов қазақ тілінде тұңғыш аударылған өзінің «Ақалтеке тұлпары – мақтанышымыз бен абыройымыз», «Көк тұлпарларының самғауы», «Тұлпардың шапшаң шабысы» кітаптарының тұсаукесеріне қатысты. Түрікменстан басшысы төл шығармаларының мазмұнына тоқталды және қос мемлекеттің бауырлас елдер екенін атап айтты. Жалпы, Түрікменстан Президентінің кітаптарын қазақ тіліне аударып, басып шығару еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр.
      Кітаптардың қазақ тіліне аударылған нұсқасын Түрікменстан Президентіне еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Абылғазин табыстады. Салтанатты рәсімнен соң Түрікменстан басшысы Қазақстан Президентінің кітап¬ханасына табысталатын кітаптардың жекелеген даналарына қолтаңбасын қалдырды.
      Сапар соңында Г. Бердімұхамедов мырза құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, музей қызметкерлеріне алғысын білдірді және жемісті жұмыс тіледі.