«Лиссабоннан Минск, Мәскеу, Астана арқылы Владивостокқа дейін»

      2017 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасы Елшілігімен бірлесіп халықаралық «Лиссабоннан Минск, Мәскеу, Астана арқылы Владивостокқа дейін» көрмесін ашылды.
      Көрме экспозициясына әлемнің 28 елінің 30-ға жуық суретшілерінің 80 кескіндемелік туындылары қойылды.

      Көрмені ұйымдастырудың негізгі идеясы әлеуметтік және саяси қақтығыстардың шиеленісіп тұрған кезеңінде туындаған болатын. Сол тұста Беларуссия өкілдіктері суретшілермен бірігіп, бүгінгі әлемдегі өнердің біріктіруші күшін көрсету мақсатында аталмыш жобаны қолға алды.
      Көрмеге өз туындыларын ұсынатын суретшілердің арасында заманауи бейнелеу өнерінің майталмандары да, өз елдерінде кәсіби маман ретінде танылған жас суретшілер де бар. Көрме экспозициясы қойылған жұмыстарының әртүрлілігіне қарамастан, олар әр қатысушы елдің ерекшеліктері айқын көрініс тапқан тұтас бір дүние ретінде қабылданады.
      Көрменің негізгі идеясы туындаған Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ничкасов Анатолий ашылу салтанатында:
      «Құрметті көрермендер! Мен сіздерді бүгінгідей тарихи жобаға куә болып тұрғандарыңызбен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл көрме жәй ғана жоба аясындағы іс-шара емес. Бұл көрме біздің мемлекеттеріміздің арасындағы, қала берді Еуропа мен Азяның өнер кеңістігінде орнатылған көпір. Аталмыш көпір екі елдің өнерін байланыстырады. Екі елдің өнерін жақындастырып, ортақ көзқарастарға жетелейді. Ал, өнерлердің достастығы әлем тыныштығының кепілі бола алады», - деп сенім білдірді.

      Еуропаның орталығы Минск қаласы мен Азияның жүрегінде орналасқан Астана қаласы бүгінде Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен халықтарды жақындастыратын бірлестіктер мен ортақ мәдени кеңістік құрылысының орталықтары болып отырғанында символдық мән бар.
      Аталмыш жоба аясында жеке көрмесін өткізіп, халықаралық көрмеге Қазақстан Республикасы атынан қатысып жатқан суретші Ерлан Назарқұл жоба жөнінде:
      «Бүгінгі көрмеге 28 елден 30 тарта суретші қатысып жатқаны белгілі. Ол суретшілер бүгінгі көрмеге өздері келмесе де, жұмыстары жетті. Біз оларды осы жұмыстары арқылы тануымыз керек. Сонымен қоса, біздің елімізге осы көрме арқылы 28 елдің мәдениеті келді. Осы ойларға назар аудара отырып, бұл көрме еуропа сурет өнеріне қарайтын Азияның, Азияның сурет өнеріне қарайтын Еуропаның терезесі десек те болады».

      Көрме жобасы Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрілігі және Қазақстандағы Беларусь Республикасы Елшілігімен бірлесіп жүзеге асырылады және ЮНЕСКО-ның ресми қамқорлығымен өтті.
      Көрме 15 мамырға дейін созылады.