Курган қаласындағы «Түркілік сарындар» көрмесі

      2016 жылғы қыркүйек айында Ресейдің Курган облысының өнер музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне «Оралдың арғы бетінің аспаны» атты мәдени-білім беру жобасына серіктес болуға ұсыныс жасады. Жоба музейге келушілерді Қорған облысында тұратын халықтардың мәдениеттерін, әдет-ұрыптары мен дәстүрлерін зерттеу процессіне тартуға, сондай-ақ толеранттыққа тәрбиелеу мен бірыңғай әлеуметтік-мәдени кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорынан «Түркі сарындары» көрмесін құру үшін экспонаттар беру мүмкіндігін қарастыруды өтініп хат жолдаған еді.

      Ресейдегі Оралдың арғы беті саналатын бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген 12000-ға жуық қазақ тұрады және көбінің есімдері Курган облысының тарихына айшықты әріптермен жазылған. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Әбу Досмахамбетов, Социалистік Еңбек ері Өмірбек Бимоқанов секілді т.б көптеген тұлғалардың есімдері бар. Облыста бірнеше қоғамдық-ұлттық ұйымдар мен қазақ клубтары жұмыс жасайды.
      Курган облыстық өнер музейінде қазақ халқының ұлттық бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерінің бірқатар туындылары қойылған. Дегенмен, қазақ халқының сан ғасырлық мәдениеті мен өнерінің мәнін ашып берерлік сәндік-қолданбалы өнері мен тұрмыстық заттарын кеңірек көрсету үшін Курган облысындағы әріптестеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 4 қызметкерден тұратын делегация жіберді. Бұл делегацияны Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің бас қор сақтаушысы Бекталиева Р.Е. бастап барса, құрамында Ұлттық музейдің консервация және реставрация бөлімінің жетекшісі Б.С. Әлібай мен қор сақтаушылар З.К. Молдабаева және Д.С. Серік болды.

 

 

      Еліміздің бас музейінен барған «Түркілік сарындар» атты көрменің Оралдың арғы бетіндегі салтанатты ашылуы 24 наурызда Курган облысының Үкіметі және Әкімшілігі, Оралдың арғы беті халықтарының Ассамблеясының қолдауымен өтті.
      Жобаның біздің еліміз бен Ұлттық музей үшін ең бірінші ерекшелігі Ұлттық музей тарихында бұрын-соңды болмаған көлемдегі экспонаттар еліміздің шекарасынан шығарылып, таныстырылды. Курган қаласында өткен бұл көрме үшін музей қорынан 143 экспонат іріктеліп, Ұлттық музей және осы көрменің ашылу уақыты тап келген наурыз мейрамы жөніндегі видео және фото материялдар дайындалды. Көрмеде қазақ халқының кілемдері, гобелендері, сәндік таспалары, зергерлік бұйымдары, былғары тауарлары, ағаш және киіз бұйымдары таныстырылды.

      Бұл көрмедегі көрерменнің назарын аудартқан ең негізгі дүние – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Карл Фаберже атындағы бриллиант орденінің және «Мұсылман әлемінің құрметті зергері» орден белігісінің иегері Берік Әлібайдың зергерлік бұйымдары болды.

      Көрме залы лық толы болды. Оның ішінде Курган облысына белгілі азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен көптеген қоғамдық ұйымдардың мүшелері бар.
      Көрменің ашылуынан кейінгі күні дәл сол көрме залында қазақтың «тұсаукесер» рәсімі өтті. Әрине, қазақ баласының тұсауын көрінгенге кестіре бермеген. Ырымдап ел ағаларына, жұртқа жаққан, еңбегі елеулі азаматтарға кестірген. Ал, Оралдың арғы бетінде өткен бұл шарадағы тұсау кесіп, балаға ақ жол тілеу салтын орындау Берік Әлібайға бұйырды.

      Оралдың арғы бетіндегі көрерменге жол тартқан көрменің өз дәрежесінде өткенін Омск, Тюмень, Челябинск аймақтарындағы қазақтардың ұйымдарынан арнайы өкілдер келуімен және Ямало-Ненецк автономды округының Ұлттық музеймен серіктестік жасауға ұсынысымен дәлелдеуге әбден болады.
      Екі халықты бір-біріне жақындастыратын нәрсе – олардың мәдениеті. Әрбір мәдениет өз алдына ерекше және ол сонысымен құнды. Дегенмен, тарихи процестен көріп отырғанымыздай ешқандай мәдениет тақыр жерге өсіп шықпайды және басқа мәдениеттерден алыс мәдениет дамусыз қалады. Ол қанша терең болғанымен, бәрібір өз-өзіне жеткіліксіз. Біз сөз етіп отырған «Түркілік сарындар» көрмесінің маңыздылығы осында жатыр.
      Оралдың арғы бетіндегі қазақ халқының мәдениетін танытатын көрме 24 сәуірге дейін жалғасады.