«Араз» ән-би тобының концерті

      2017 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Ұлттық музей бірлесе ұйымдастырған ирандық «Араз» ән-би тобының көктем мерекесі – Наурызды тойлауға арналған концерті өтті.

      Наурыз мейрамын тойлау Таяу Шығыс пен Орта Азия, оның ішінде Қазақстан және Иран елдерінде кеңінен таралған дәстүр екені белгілі. Аталған шара Казақстан мен Иран арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылуының 25 жылдығы құрметіне арналған.
      «Араз» ән-би тобының репертуарында ұлттық билер (әзірбайжан, түркімен, дағыстан, күрд және т.б.), дәстүрлі музыка мен әндер бар. Бұл топ Иранның түрлі өлкелерінде, оның ішінде Кеш, Тегеран, Исфахан, Шираз, Мешхед сияқты қалаларында өткен өнер фестивальдеріне қатысып, түрлі мәдени бағдарламалар аясында Ресей, Түркия, Йемен, Армения, Әзірбайжан, Индонезия елдерінде Иран халқының дәстүрлерін таныстырып жүр.
      Концерт барысында «Араз» тобының өнерпаздары түрік, иран, итальян әндерімен қатар Абайдың әні «Көзімнің қарасын» да орындады.