Ұлттық музейде «Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз» атты Республикалық ғылыми конференция өтті

      2017 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз» атты Республикалық ғылыми конференция өтті.
      Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, мәдениеттанушылар, ғалымдар, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері қатысты.
      Конференцияға қатысушылар наурыз мейрамын өткізудің мағыналық, мазмұндық жағын кемелдендіру тұрғысында ой-пікірлерін ортаға салды.
      Шарада сөз алған мәдениеттанушы ғалым Серік Ерғали: «Наурыз мерекесіне мемлекеттік статус бергенімізге біраз уақыт болды. Бірақ, наурыз мйрамының бір бөлігі болып табылатын «Амал» мерекесінің еліміздің батысы Маңғыстауда ғана тойланып, қауышу мейрамын еліміздің енді-енді қабылдап келе жатқаны, наурыз мерекесіне деген халықтың көп қызығушылық білдірмеуі бұл мерекенің әлі мемлекеттік деңгейге көтерілмегенін білдіреді. Советтік кезде жанұялық деңгейде болса, қазір өңірлік деңгейде. Ендігі мақсат – бұл мерекені, шын мәнінде, жалпыұлттық, жалпықазақстандық деңгейге көтеру. Бұны әлеуметтік мәселе ретінде күн тәртібіне қоюымыз керек» – деп, наурыз мейрамы төңірегіндегі күрмеулі мәселені көтерді.
      Тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев: «Наурызды біз көбінесе парсы сөзі деп айтамыз. Себебі парсы деректерінде наурыз туралы мәліметтер көп. Бірақ, біз наурыз парсылардан келген мереке деген түсініктен құтылуымыз керек. Бұл – ирандықтардың арасында сақталған түркілердің ортақ тарихы, ортақ мерекесі. Наурыз мейрамы иран, сәлім, түркі сияқты этникалық топтардың ара-жігі ажырамаған тұста пайда болған мейрам» – деп, наурыз мерекесінің тарихына тоқтала кетті.

      Іс-шараның мақсаты – халқымыздың салт-дәстүріне өскелең ұрпақтың назарын аудару. Наурыз мерекесінің бастауында бейбітшіліктің, келісімнің, игі мақсаттардың бастауы мен жаңарудың жатқанын дәріптеу.