Демократиялық даму жолындағы Конституциялық реформа

      2017 жылғы 9 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына орай «Демократиялық даму жолындағы Конституциялық реформа» атты дөңгелек үстел өтті.

      Шарада сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Алдағы уақытта берілген өкілеттіліктерді дұрыс пайдаланған биліктің тармақтары реформаның дұрыс шешім екенін дәлелдеп, өздерінің жұмыс нәтижелерін көрсете алады деп ойлаймын. Ал саяси жаңғырудың технологиялық жаңғырумен қатар жүріп жатқанын айта кеткен дұрыс. Бір айқын мәселе, Қазақстанның өзіне тән саяси моделі бар. Яғни, тұрақты президенттік билік сақталатын болады» – деп, өз ойын білдірді.
      Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Жамаладин ИБРАГИМОВ: «Бұл Конституциялық реформа эвалюциялық жолмен жүргізіліп отыр. Себебі, қазір құндылықтар өзгерді. Біз өзімізге үлгі тұтып жүрген кей мемлекеттердің өзінде саяси көзқарастар, тенденциялар ауысып жатыр. Конституциялық реформа туралы сөз қозғағанда Елбасы бұл реформаның әлемдік сын қатерлерге жауап ретінде жасалып жатқанын айтқан болатын. Сонымен қатар, бұл реформа қазіргі қазақ қоғамындағы дәстүрлі ұлттық сананы қалыптастыру үшін жасалды деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияны қолына алып, онымен түгелдей танысты деп айтуға болады. Мұны біз бір айға созылған талқылау барысында байқадық» – деді.
      Шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарымен бірлескен отырысында жариялаған шешімдеріне мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, еліміздің өзге де азаматтарының ой-пікірлерін талқылап, қорытынды жасау.

      Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 25 қаңтарда Елбасы Конституцияның бірқатар тармақтарына өзгертулер енгізу туралы өзінің арнайы үндеуін жариялаған болатын. Үндеуде, негізінен, еліміздегі билік тармақтарын бөлу мәселелері, оның ішінде, Парламент пен Үкіметтің құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ, еліміз үшін маңызды саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жолдары айтылған.

Поделиться