«Ұлы Дала елінің мұрасы»

      2017 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының (ҒЗИ) 2016 жылғы зерттеу жұмыстарын қорытындылауға арналған «Ұлы Дала елінің мұрасы» атты көрме және дөңгелек үстел өтті.
      Шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының 2016 жылғы археологиялық зерттеулері, тарихи-мәдени мұра нысандарына жасаған мониторингтері мен сараптамалары, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін зерттеу бойынша, сонымен қатар, физикалық антропология және жәдігерлерді алғашқы қалпына келтіру мен жаңғырту зертханаларының жұмыстары қорытындыланды. 2016 жылы басып шығарылған «Халық қазынасы» ҒЗИ-ы қызметкерлерінің ғылыми еңбектерінің таныстырылымы да өтті.

      Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Кез келген жұмыстың нәтижесі болады. Сол жұмыстың нәтижесін көрсету де бір үлкен міндет. «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының алғашқы қадамдары міне, алдарыңызда. Институттың құрамында бір топ жас ғалымдар еңбек етуде. Өздерінің белгілі жоспарлары, бағыт-бағдарлары бар. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстар да өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Ал біз өз кезегімізде музей тарапынан барынша қолдау білдіретін боламыз», – деді.
      Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев: «Халық қазынасы» – Ұлттық музейдің құрамындағы көп салалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған институт. Тек қана археология емес, этнологиясы бар, музыкасы бар, фольклоры бар т.б салаларда да жұмыс істейтін үлкен бір ұйымға айналып келеді. Тағы бір жақсы жағы, институтта болашағы зор жас ғалымдар жұмыс істеп отыр. Мұның өзі ұйымның артында үлкен болашақ бар деген сөз», – деп институт туралы өз пікірін білдірді.
      Көрмеге «Халық қазынасы» институтының соңғы жылдардағы жинаған жәдігерлері, құнды құжаттары мен басылымдары қойылды. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Кореяның Мәдени мұра ұлттық институты, Археология және этнография институты т.б, жетекші, отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлескен ғылыми жобалар аясында ұйымдастырылған 12 археологиялық және 1 этнографиялық экспедиция жұмыстары барысында табылған жәдігерлер алғашқы рет көрсетілді.

      Сонымен қатар «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының 2016 жылғы далалық және зертханалық зерттеулерін қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге археология саласының көрнекті мамандары, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.
      «Халық қазынасы» ҒЗИ-ның көрмесі 2017 жылғы 10 наурызға дейін жалғасады.