Үшінші жаңғыру - замана талабы

      2017 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Елбасы жолдауы: Қазақстанның жаңа даму бағдары» атты дөңгелек үстел өтті.
      Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдауының басым бағыттары талқыланып, көпшілікке жеткізу мақсаттары жөнінде сөз қозғалды. Жолдаудың мәдениет саласына қатысты тұстары баса назарда ұсталып, Ұлттық музейдегі жаңа технологиялардың қажеттіліктері мен тиімділіктері қызу талқыға түсті.
      ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Жәкен Таймағамбетов: «Бұл өзгеріс, бұл жаңғыру біздің мемлекетіміздің алдындағы жаңа белес және Тәуелсіз мемлекетіміздің алдына қойылған замана талабы десек те болады. Бұл жолдауды біз жай ғана дөңгелек үстелдерде талқылап қоймай, осы жолдауларда қойылған талаптар мен міндеттерді өзімізше орындауға талпынуымыз керек», - деп дөңгелек үстелдің мақсатын айқын ашып берді.

      Ал «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы Ақан Оңғар: «Мен осы жолдаудағы адам факторы, яғни, адам капиталы деген тұсқа тоқталғым келіп отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің көпшілігінде осы мәселеге баса назар аударылады. Яғни, білімді азаматтар, сапалы мамандар дайындау. Осы орайда біз де ұлттық қасиеттерімізді дамыта отырып, халқымыздың сапасын арттыруымыз керек. Және бұл мемлекеттің бағдарламасы болғанымен, сапалы маман болып қалыптасу өзіміздің қолымызда. Мемлекет бізге үміт артады», - деп жас мамандардың алдына үлкен мақсаттар қойды.

Поделиться