Ұлттық музейде "Жұлдызды гид" жобасы өтті

      2017 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қазақстандық танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен «Жұлдызды гид» жобасы болып өтті.
      Шарада отандық өнер жұлдыздары Ұлттық музейге келушілерге арнайы экскурсия жүргізді. Музей қонақтары әншілер мен актерлерді экскурсия жүргізушісі ретінде танып, өздеріне қажетті ақпараттар алды.

      «Жұлдызды гид» жобасы барысында музейдің Алтын залын – әнші Алтынай Жорабаева, Тарих залын – актер Әділ Ахметов, Тәуелсіз Қазақстан залын – әнші Индира Расылхан, Этнография залын – актер Қуандық Қыстықбай, Астана залын – әнші Шахаризат Сейдахмет таныстырды.

      Экскурсовод жұлдыздардың өз істеріне беріліп кеткендері сондай, журналистердің сұрақтарына да асығыс жауап берді. Алтын залын таныстырушы Алтынай Жорабаева өз әсерімен бөлісе келе: «Алғашқы таныстырылымда біраз қобалжыдым. Бірақ, өз еліміздің осынша байлығы бар екенін көріп, оны өз аузыммен халыққа таныстыра жүріп арқаланып кеткендей болдым. Дәл қазір алты рет таныстырылым жүргіздім. Осы алты таныстырылымда менің еліме деген сүйіспеншігім алты есеге артты десем де болады», - деді.
      Тарих залын таныстырушы танымал актер Әділ Ахметов«Шынымды айтсам, көптеген оқыған мәліметтерді қайта қарап, музейдегі әр жәдігермен жеке танысқанымды санамағанда, актер ретінде бұл жұмыс маған қатты қиындық туғызған жоқ. Себебі, актер адам сахнада, кинода әртүрлі образдар сомдайды. Ал бүгін мен жай ғана кинодағы экскурсоводтың ролін сомдаушымын», - деп бүгінгі жұмысы жаңа ізденістерге де бастауы мүмкін екенін айтып өтті.

      Тәуелсіз Қазақстан залын таныстырушы Индира Расылхан болса: «Тәуелсіздігімізді алған кезде мен ес біліп қалған болатынмын. Және сол тәуелсіздігіміздің 25 жылдық ғұмырының куәсімін деп айта аламын. Бірақ, осы жоба аясында музейге келіп, «Тәуелсіз Қазақстан» залын таныстыру арқылы біз өз тәуелсіздігіміз жайындағы көптеген дүниелерді біле бермейтінімізге көзім жетті», - деп бұл шараның өзі үшін жаңалыққа толы болғанын атап өтті.

      Ал еліміздің тұрмысы мен салт-дәстүрі көрініс тапқан Этнография залын таныстыра жүріп белгілі актер Қуандық Қыстақбай«Музей мен театр бір-бірімен тығыз байланысты. Біз сахнада қойылым арқылы тарихымызға тереңірек бойлауға тырыссақ, музейдегі жәдігерлер сол тарихтың тілінде сөйлейді. Бүгінгі іс-шара келушілер үшін де, жұлдыздар үшін де үлкен жаңалық болды. Өйткені,осы жоба арқылы біріншіден өзімізді басқа қырымыздан көрсетсек, екіншіден өз тарихымыз бен дәстүрімізді тағы басқа қырынан танып жатқан жайымыз бар», - деп жоба жөніндегі ойларымен бөлісті.

      Жалпы, жобаның мақсаты – Ұлттық музейдің қонақтарына қызықты экскурсия ұсына отырып, тарихы терең мұраларымыз бен құнды жәдігерлерімізді насихаттау болатын. Осы орайда келушілердің саны мен жұлдыздардың жанарындағы жалынды көріп, жобаның толықтай өз мақсатына жеткен нық сеніммен айтуға болады.
      Шара соңында келушілердің назарына жұлдыздардың қатысуымен концерт өтті.