Ұлттық музейде Әубәкір Ысмайыловтың көрмесі ашылды

      2017 жылғы 15 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың «Өнер Заманның Энергиясы» атты көрмесі ашылды.
      Көрмеде суретшінің осыған дейін БҰҰ-да, ЮНЕСКО-да экспозицияланған туындылары мен тарихи экспонаттар ұсынылды. Көрермеге келушілер ҚР Ұлттық музейінің топтамасындағы Әубәкір Ысмайыловтың 30-60 жылдардағы акварелдері мен карикатураларын және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіндегі көркемсурет туындыларын тамашалады.

      Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Әубәкір Ысмайыловтың жалпы қазақ өнерінде алар орны бөлек. Ол кісі ер жетіп ес білген кезеңнен бастап өнер жолын таңдаған адам. Сонымен қатар өнердің бір саласын ғана емес, сан саласын игеріп, кәсіби деңгейде мамандана білген адам. Әубәкір ағамыздың кітапты безендіру, полиграфия саласында атқарған жұмысын да бүгінде сол салада үлгі етіп алуымызға болады. Одан бөлек еліміздегі Суретшілер Одағын құрып, оны басқарған еңбегін де еш ұмытпауымыз керек» – деп, суретшінің көзі тірісінде атқарған ілкімді істеріне тоқталып өтті.

      Суретшінің қызы Гүлзәмира Исмаилова өз кезегінде көрмені ұйымдастыруға ұйытқы болған Ұлттық музей ұжымына алғыс білдірді. «Бүгін мен осы аудиторияда өнерді бағалай білетін азаматтардың жиналғанына қуаныштымын. Сіздер Әубәкір Ысмайловтың карикатураларын, акварель және майлы бояумен салынған туындыларын тамашалай аласыздар. Сол туындылардың қатарынан 26 картинаны Ұлттық музейдің қорына тапсырамыз» – деді, Гүлзәмира Исмаилова.

      Шара барысында Гүлзәмира Исмаиловаға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хаты табыс етілді.
      Әубәкір Ысмайылов 1913 жылғы 2 қаңтарда туған. Бала кезінен сурет салуға, мүсін жасауға құмартқан ол өнер сүйер қауымның назарына ерте ілікті. Суретшінің бозбала шағынан-ақ сурет көрмесі бірнеше қалада өткен. Кейін ол талантын кәсіби біліммен ұштауға мүмкіндік алды.