Қазақстан демократиялық жаңару белесінде

      2017 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстан демократиялық жаңару белесінде» атты республикалық конференция өтті.
      Конференцияда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөнінде Қазақстан халқына жолдаған үндеуде атап көрсетілген өзекті мәселелер мен Қазақстан халқына жолдауы талқыланды.
      Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Президентіміздің саяси реформа туралы үндеуі мен соңғы жолдауы ел арасында үлкен талқылауға түсіп жатқанын білесіздер. Тек еліміздің деңгейінде ғана емес шетелдер де үлкен қызығушылық танытып отыр. Өйткені тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отырған Қазақстанның алдағы жоспарына әлемнің назары ауатыны сөзсіз. Ендігі жерде Жолдауда айтылған 5 маңызды бағыт бойынша нақты жұмыстар атқара отырып біз замана дауылына қарсы тұрар мүмкіндіктеріміздің барын бағамдай аламыз. Ал саяси реформа біздің еліміздің белгілі бір деңгейде жетістікке жеткендігінің айғағы», – деді, өз сөзінде.

      ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы Талдыбек Нұрпейісов: «Елбасы жолдауында айтылған кәсіптік білімді тегін беру мәселесі жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Бүгінгідей білім беру жүйесі күрделенген шақта жастардың, әсіресе ауыл жастарының жоғарғы оқу орындарына түсу мүмкіндігі сәл де болса азайды. Бұл өкінішті жағдай. Дей тұрғанмен кәсіптік білімді тегін алу арқылы жастардың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылады» – деп, жолдаудың маңызды тұсын атай кетті.

      Коференцияға Еркеш Нұрпейісов, Талғат Қалиев, Талдыбек Нұрпейісов сынды бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.