Елбасының үндеуі – жаңарудың жаңа қадамы

      2017 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Елбасының үндеуі – жаңарудың жаңа қадамы» атты дөңгелек үстел өтті.
      Дөңгелек үстелге белгілі Мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

      «Қазір қоғам басқа, біз жаңа бағытқа қарай қадам бастық, халықтың сапалық деңгейі де өсті. Қоғамның алға басқаны саяси мәдениеттен де, саяси талқылаудан да көрініп жатыр. Сондықтан, Елбасының үндеуінен және Қазақстан халқына жолдаған Жолдауынан кейін арнайы басқосуда пікір алмассақ деген мақсатта дөңгелек үстел ұйымдастырып отырмыз. Оның үстіне тек айтып қана қоймай, қазіргі саяси ахуалды халыққа түсіндіріп насихаттау да маңызды мәселе деп ойлаймыз. Сәйкесінше, Жолдауды толық түсініп, талдау жасай алатын сарапшылардың пікірі маңызды болмақ» – деді, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.

      Өз кезегінде ҚР Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев: «Жолдаудағы бес басымдылықтың ішіндегі бір мәселеге тоқталғым келіп отыр. Ол – адам факторы мен адам капиталы. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің көпшілігінде осы мәселеге баса назар аударылады. Яғни, білімді азаматтар, сапалы мамандар дайындау. Осы орайда біз де ұлттық қасиеттерімізді дамыта отырып, халқымыздың сапасын арттыруымыз керек. Бұған қоса, жас ұрпақтың еңбекке деген көзқарасын өзгерту де басты мақсатымыз болуға тиіс» – деп, Жолдау турасындағы ойын ортаға салды.

      Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауын мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге талқылау. Жолдауда айтылған маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу, ой қорыту.