Музей қызметкерлеріне серпін берер семинар

2017 жылғы 8-12 қаңтар аралығында Иран мемлекетінің Тегеран қаласында эко музей бағытында ұйымдастырылған халықаралық музей кеңістігі және превентивті сақтау тақырыбында бірінші Халықаралық семинар өтті.

Семинарға ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин қатысты. Жиын барысында превентивті сақтау әдістері жан-жақты қарастырылды. Маңызды ақпарат игеріліп, озық тәжірибе алмасу орын алды. Семинарға қатысушыларға халықаралық ғылыми зерттеу орталықтарының мамандары дәріс оқыды. Олардың қатарында Мәдени құндылықтарды сақтау мен қалпына келтіруді оқытудың  Халықаралық орталығының дәріскерлері Гаэль де Гичен мен Весна Зивкович және «Ағылшын мұрасы» комиссиясынан Давид Тиккет пен Амбер Хавиер-Роу  бар.

Осы сапар барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин Иран Ұлттық музейінің директоры Жабраэль Нокандехпен және Иран ICOM-ның президенті Мир Сайд Ахамад Мохит Табатабаймен кездесті. Кездесу кезінде алдағы уақытта бірлесе атқарылар жобалар талқыланып, меморандумдарға қол қойылды. Иран музейлері мен Ұлттық музей арасындағы әріптестік пен өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту мәселелері  де сөз болды.

Аталған семинарға әлемнің 34 музейінен келген өкілдер қатысқан. Атап айтқанда, Иран, Ұлыбритания, Италия, Армения, Қазақстан, Пәкістан, Түркіменстан және Түркиядан  келген музей саласының мамандары бар.