Қытайда музей қызметкерлеріне арналған семинар өтті

2016 жылғы 21-30 желтоқсан аралығында Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай бастаған қазақстандық делегация ҚХР Мәдениет министрлігінің жанындағы Мәдениет қызметкерлерінің орталық академиясында өткен семинарға қатысты. 

 

Аталған шараны Қазақстандағы ҚХР Елшілігі ұйымдастырды. Семинарға музей саласын басқару  тақырыбы арқау болды. 10 күнге созылған семинар барысында еліміздегі музей саласының қызметкерлері Қытайдың Пекин, Шанхай, Чэнду, Сиань, Лоянь қалаларында болып, музей қызметін жандандыру, мәдени мұраны сақтау,  археологиялық жұмыстар жүргізу, қайта қалпына келтіру, көне археологиялық ескерткіштерді қорғау тақырыбында дәрістер тыңдады. Сонымен қатар, көршілес ҚХР-ның мәдениет қызметкерлері өздерінің музей басқару саласындағы мол тәжірибелерімен  бөлісті. 

Қазақстандық делегация мүшелері ҚХР мәдени мұраларды қорғау комитетінің директоры Дуань Юньмен, Гугун музейінің директоры Шань Жищаньмен және ҚХР Ұлттық музейінің, Шанхай музейінің тағы басқа бірқатар музейлердің қызметкерлерімен кездесті. Бұдан бөлек іссапар барысында делегация Ұлы Қытай қорғанында, Цинь Шихуанди императордың музей-кесенесінде болды.