«Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 27 жыл» фотокөрмесі ашылды.

2019 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 27 жыл» фотокөрмесі ашылды. Көрмені Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

13-03-2019-1

Тәуелсіз Қазақстан қысқа ғана тарихи мерзім ішінде әлемнің көптеген мемлекеттерімен достық қарым-қатынас орнатты. Олардың ішінде Иран ерекше орынға ие, себебі Қазақстан халқының Иранмен өркениеттік, экономикалық және саяси байланыстарының тамыры өте тереңге кеткен.

13-03-2019-2

Көрменің ашылу салтанатында сөз алғаны ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Алмаз Нұразхан: «Қазақстан тарихи қысқа мерзім ішінде әлемнің көптеген мемлекеттерімен достық қарым-қатынас орнатты. Олардың ішінде Иран ерекше орынға ие. Бүгінгі шара Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы қарым-қатынасының бір көрінісі. Ирандықтар біздің Тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған елдердің бірі болып табылады. Бұл көрме екі елдің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсері сөзсіз», - деді.

13-03-2019-3

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 29 қаңтарда орнады. Қазақстан өз тәуелсіздігін тұңғыш жариялаған кезде Иран Ислам Республикасы алғашқылардың қатарында оны мойындағанын атап өту керек.

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер: «1992 жылғы 29 қаңтардағы Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық байланыстардың орнатылуы шын мәнінде көптеген ғасырлар бойы ирандықтар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынасты қайта жаңғырту болып табылады. 1990 жылдың қараша айында Қазақстан тәуелсіздігі жарияланбас бұрын Иранның сол кездегі сыртқы істер министрі Алматыға сапар жасап, Қазақстан билігімен кездесулерінде Қазақстанның тәуелсіздігін ресми тануға деген Иранның ниетін жариялады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялауымен Иран Ислам Республикасы бірден-ақ тәуелсіздікті ресми танып, 1992 жылдың 29 қаңтарында Алматы қаласында өз елшілігін ашты. Бұл көрмеде екі ел қарым-қатынастарының маңызды оқиғалары фотосуреттер аясында бейнеленген», - деді өз сөзінде.

13-03-2019-4

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы өзара ынтымақтастық пен тату-тәтті көршілік қарым-қатынасты нығайтуға деген мүдделілігі мен саяси ерік-жігерін бірнеше мәрте растады.

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің қолдауымен «IRNA» Иран ақпараттық агенттігі ұйымдастырып отырған бұл көрмеге екі елдің өзара тығыз қарым-қатынасын бейнелейтін 90-нан астам тарихи фотосуреттер ұсынылған.

13-03-2019-5

Көрме ҚР Ұлттық музейінде 2019 жылғы 15 наурызға дейін жалғасады.

Поделиться